Павлодарда есірткі тасымалдаушы ұсталды

Ол есірткі заттарын «жерасты жасыру» тәсілімен таратуды жоспарлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Мүткенов көшесінде «Қарасора» ЖАІШ жүргізу барысында 32 жастағы ер адамды ұстады. Жеке тексеру кезінде оның үстінен екі полиэтилен орамға оралған тыйым салынған заттар табылды.
– Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде қосымша алты орама мен бір пакет, сондай-ақ «зип» пакеттер, электронды таразы және орауға арналған құрылғы тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттардың салмағы сегіз граммнан асады және олар синтетикалық есірткі заттар болып табылады. Ұсталған азамат интернет-дүкенде есірткі тасымалдаушы ретінде жұмыс істегенін мойындады, – деп хабарлады департаментте.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК бойынша есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды, қылмысқа қатысы бар басқа тұлғалар анықталуда.