Павлодарда Huinday жүргізушісі стадионда жүгіру жолымен жүрген

Павлодарда Huinday жүргізушісі стадионда жүгіру жолымен жүрген
Фото: әлеуметтік желіден алынған скриншот

Заң бұзушылық әлеуметтік желілердің мониторингі жүргізу кезінде анықталды, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы 4 шілдеде Instagram әлеуметтік желісінде жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тіркелген видео анықталған. 

– Аталған факті бойынша тексеру жүргізілді. Осипенко көшесіндегі стадионда Huinday автокөлігінің жүргізушісі автокөлікпен жүгіру жолымен жүргені белгілі болды. Жүргізушіге қатысты жол жүру ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, – деді департаментте. 

Айта кетерлігі, жыл басынан бері 60 мыңнан астам азамат жол ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылған. Бұзушылықтардың негізгі бөлігі –жүргізушілердің белгіленген қозғалыс жылдамдығын асыру. Мұндай 22 мыңға жуық  факті тіркеліп, олардың әрқайсысы ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабына сәйкес жазаланған. 

Көлік құралдарын басқару кезінде қауіпсіздік белдіктерін тақпаған - 4764 жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабына сәйкес 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.