Павлодарда инженерлік желілер жаңартылып, жолдар жөнделіп жатыр

Павлодарда инженерлік желілер жаңартылып, жолдар жөнделіп жатыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл туралы шаһар басшысы өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімі Хасар Хабылбеков жұмыс сапары аясында инженерлік желілер жөндеуден өтіп жатқан бірнеше нысанды аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Әкімнің айтуынша, биыл бұл учаскелерде асфальт төсеу жоспарланған, сондықтан алдымен тозығы жеткен желілерді ауыстыру жұмыстары қолға алынған.

Қазіргі уақытта Назарбаев даңғылының Баймолдин көшесінен Радищев көшесіне дейінгі бөлігінде «Павлодар-Водоканал» ЖШС диаметрі 630 миллиметр болатын апаттық су құбырының 570 метрлік бөлігін жаңартуда. Бүгінгі таңда оның 170 метрі ауыстырылды.

– Жөндеу жұмыстарын жоспарлау кезінде ең алдымен апаттық желілерді ауыстырып, содан кейін ғана асфальт төсеуді ұйғардық. Бұл учаске су құбыры бойынша ең тозған бөлік болатын. Сонымен қатар гидравликалық режимді жақсарту үшін құбырдың диаметрін үлкейттік. Асайын Байханов бұл жұмысты аяқтауды тапсырған. Мамыр айының соңына дейін жұмыстарды аяқтап, топырақтың отыруына уақыт беру қажет. Бұл кейін асфальт жабындысында шөгу болмас үшін маңызды, – деді әкім мердігерлерге.

Сондай-ақ Назарбаев даңғылының Естай көшесінен Торайғыров көшесіне дейінгі бөлігінде магистралды су құбырын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Уақытша құбыр желісі орнатылып, жуылып-шайылды. Қазір мамандар тұтынушыларды жаңа желіге қосу және негізгі желіні санациялауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мердігердің айтуынша, бұл – үшжылдық жоба. Былтыр Торайғыров көшесінен Қайырбаев көшесіне дейінгі бөлікте санация жұмыстары жүргізілген. Биыл қалған 500 метрлік бөлікке санация жасалып, жоба толық аяқталады.

Қазправда көшесінде диаметрі 1000-1200 миллиметр болатын жаңа кәріз коллекторының құрылысы жалғасуда. 

– Қазірге дейін 280 метр құбыр төселіп, тағы 305 метрде жұмыс жүргізілмек. 15–20 мамыр аралығында даңғыл астынан көлденең бағытта бұрғылау үшін дайындық жұмыстары жоспарланған. 20–30 маусым аралығында 250 метрлік бөлікте тікелей өткел жүргізіледі. Бұл жұмыстар 30 маусымға дейін аяқталып, 10 шілдеге қарай аумақ толық абаттандырылып, көлік қозғалысы қалпына келтіріледі, – деп атап өтті мердігер.

Қаланың әкімі барлық жауапты қызметтер мен мердігер ұйымдарға жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтап, жол төсемесін қалпына келтіруді тапсырды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Хасар Хабылбеков (@khassarkhabylbekov)