Павлодарда халық жазушысының мерейтойына орай ғылыми-практикалық конференция өтті

Павлодарда халық жазушысының мерейтойына орай ғылыми-практикалық конференция өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оған 200 оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Павлодар дарыны» мен М.Әлімбаев атындағы ЖОББМ бірлесіп, алғаш рет Қазақстанның Халық жазушысы, ақыны, аудармашысы, әдебиеттанушысы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған қалалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Конференция практикалық және пленарлық бөлімнен тұрды. Практикалық бөлімінде қаланың 38 мектебінен 200 оқушы үш секцияда өнер көрсетті. Қатысушылар Мұзафар Әлімбаев шығармалары бойынша иллюстрациялық суреттер салып, шығармаларын жатқа оқыды және ақынның шығармалары бойынша зерттеу жұмыстарын қорғап шықты.  

Конференцияның пленарлық бөлімінде Торайғыров университетінің профессоры Айман Зейнуллинова, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайының басшысы, өлкетанушы-жазушы Ербол Мәтіұлы және ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, сатирик, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Алтын қалам» әдеби байқауының жеңімпазы Алпысбай Әбділұлы қатысты. Қонақтар жетпіс жыл бойы Қазақстан жұрты мен қазақ халқының рухани өсіп-өнуіне аянбай еңбек еткен Алаш жұртының ардақтысы, еліміздің абыз ақсақалы Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығы мен еңбектері жайлы сөз қозғады.

Сондай-ақ, пленарлық бөлімде конференцияның практикалық бөлімінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.