Павлодарда көпқабатты үйдің ауласы жаңартылады
Жұмыс тұрғындардың өтініші негізінде қолға алынуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс орталығының басшысы Хасар Хабылбеков мәлімдеді.
– Мәшһүр Жүсіп көшесі, 11-үйдің тұрғындарымен кездестім. Аула аумағын абаттандыруға қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, автотұрақ аумағын кеңейту, ағаштарды санитарлық кесу және футбол алаңындағы қоршау торын жаңарту мәселелері көтерілді, - дейді ол.
Қала әкімі кездесу қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданғанын айтты. Атап айтқанда, алдағы бір апта ішінде қураған ағаштар мен бұталарды кесу жұмыстары жүргізіледі. Ал автотұрақ аумағын кеңейту жұмыстары шілде айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Айта кетерлігі, жобаны іске асыру басталғанға дейін тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары аула аумағын абаттандырудың толық жоспарын тұрғындарға таныстыратын болады. Ал үй тұрғындары жоспармен танысып қана қоймай, өз ұсыныстары мен түзетулерін енгізуге мүмкіндік алып отыр.
Осылайша, әкімдік пен бұқара бірлесе отырып аталмыш мәселені оңынан шешпек.