Павлодарда отбасылар ұлттық дәстүрді сахна төрінде таныстырды

Павлодарда отбасылар ұлттық дәстүрді сахна төрінде таныстырды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Әулет шежіресін өнермен өрнектеп, салт-дәстүрін көпшілікке паш еткен жанұялар жиында бас қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы «Достық үйінде» Отбасы күніне орай «Дәстүрге тағзым» шығармашылық фестивалі өтті. Оған облыстың қалалары мен аудандарынан 10 жас шаңырақ қатысып, өз әулетінің тарихын, отбасылық құндылықтарын және ұстанатын ғұрыптарын таныстырды.

Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Раисова шараның жанұялық құндылықтарды нығайтудағы маңызын атап өтті.

– Жанұялық құндылықтарды нығайту, ұлттық салт-дәстүрді сақтау және өскелең ұрпақты құрметке, сүйіспеншілікке, жауапкершілікке тәрбиелеу – маңызды міндеттердің бірі, – деді ол.

Фестивальдің алғашқы кезеңінде «Отбасының құрылу тарихы» бағытында қатысушылар шаңырақтарының қалыптасу жолын, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты және ұстанатын әдет-ғұрыптарын әңгімеледі.

«Ұлттық дәстүр» кезеңінде тарихи әрі рухани мәні бар салт-жоралғылар сахналанып, көрерменге ұсынылды. Ал «Талантты отбасы» бөлімінде өнерпаздар ән айтып, би билеп, күй орындап, шығармашылық қырларын көрсетті.

Қатысушылардың өнерін Павлодар облысы Аналар кеңесінің төрайымы, «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақытжамал Максилова, Павлодар облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Аурика Дяк және «Халық радиосының» бас редакторы Бекболат Сауырбай бағалады.

Шараны «Кенжекөл жастары» жергілікті қоғамдық бірлестігі Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырды.

Байқау қорытындысында Шарбақты ауданының Нұрхановтар әулеті бас жүлдеге ие болды. Железин ауданынан келген Айтмұратовтар шаңырағы екінші орынға лайық деп танылса, Павлодар қаласының Ибраевтар отбасы үшінші орыннан көрінді. Өзге қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Шығармашылық кеш отбасыларға өз шаңырағының ерекшелігін көрсетуге ғана емес, ұлттық мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің мәнін дәріптеуге де мүмкіндік берді.

Фото: ұйымдастырушылардан