Павлодарда сарбаздар садақ атудан сынға түсті

Павлодарда сарбаздар садақ атудан сынға түсті

Шараны 66/79 әскери бөлімінде Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің этнография бөлімі ұйымдастырды, деп хабарлайды  @Рavlodarnews.kz.

Этнография бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, садақ ату жарысы әскери бөлімде алғаш рет өткізілді.  Мергендік өнер шыдамдылық пен көздің өткірлігін, жүйке мен білектің мықтылығын көрсетеді. 

–  Сарбаздар садақтың қыр-сырымен танысып, садақтан ату әдісін меңгерді. Жаугершілік заманда садақ жауынгерлердің мықты қаруы болған. Баһадүр ержүрек батырларымыздың кезіндегі бес қаруының бірі - садақ. Садақ ату мен жамбы атудың дәстүрі бір. Бүгінде елімізді көзінің қарашығындай қорғап жүрген сарбаздарымыз садақ атып үйренсін деген масқатта арнайы  осындай сайыс өткіздік, – дейді Жеңісбек Қадырұлы. 

«Тұран» садақ ату ортылығының жетекшісі Амангелді Қайратұлы садақ ату әрбір қазақтың бойында бар қасиет екенін айтады. 

– Бұл спорт түрі енді жанданып келе жатыр. Кейбір қалалық жерлерде өскен жігіттер атып көрмеуі мүмкін, дегенмен бір-екі рет атып көргеннен кейін икемденіп, нысанаға дөп түседі. Оған қалалық деңгейде өткізіп жүрген сайыстар дәлел, – дейді Амангелді Қайратұлы.

Садақ атудан өткен жарысқа барлығы 50 сарбаз қатысты.