Павлодарда шілде айының соңына дейін 100-ден астам спорт нысаны орнатылады
Осы мақсатта қалада жаңа спорт алаңдарын орнату жұмыстары қарқын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен биыл қалада спорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Шілде айының соңына дейін қала аумағында 20 стритбол алаңы, 30 воркаут алаңы және 80-ге жуық ашық аспан астындағы спорттық жаттығу кешені орнатылады.
Бүгінде 12 стритбол алаңының құрылысы толық аяқталды. Алаңдарды абаттандыру аясында қоршаулар орнатылып, заманауи тартан жабыны төселіп, баскетбол жабдықтары қойылды.
— Сонымен қатар, воркаут алаңдары мен ашық аспан астындағы жаттығу кешендерін орнату жұмыстары қатар жүргізілуде. Жаңа спорт нысандарының орындары тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері негізінде айқындалды, - деді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.
Қала әкімі қолжетімді спорт инфрақұрылымын дамыту – тұрғындарға қолайлы әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті.
Шаһар басшысы жауапты қызметтерге барлық жұмысты шілде айының соңына дейін толық аяқтауды тапсырды. Осылайша қала тұрғындары жаз мезгілінде-ақ жаңа спорт инфрақұрылымының игілігін көретін болады.