Павлодарда шағын және орта бизнес салық бұзушылық бойынша көш басында тұр

Павлодарда шағын және орта бизнес салық бұзушылық бойынша көш басында тұр
Фото: pixabay.com/Franz26

Азаматтар көбіне мүліктік табысқа қатысты өз міндеттемелерін білмейді немесе орындамайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің камералды мониторинг қызметкерлерінің тарапынан берілген хабарламаларға қатысты даулардың бір бөлігі салық төлеушілердің пайдасына шешілгенімен, бұл істердің басым көпшілігі процессуалдық бұзушылықтармен байланысты. 

–  Бүгінде біздің хабарламаларымыз бойынша, Жоғарғы Сотқа дейін жеткен даулар бар. Жалпы, егер салық төлеуші хабарламамен келіспесе, біз барлық сатылардан — бірінші, екінші инстанция, кассация, Жоғарғы Сотқа дейін – өтуге міндеттіміз, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің камералды мониторинг басқармасының басшысы Ғалия Сембаева.

Оның айтуынша, қазіргі таңда салық төлеушілердің пайдасына шыққан шамамен 15 сот шешімі заңды күшіне енген. Алайда бұл дауларда негізгі бұзушылық фактісі емес, процессуалдық тәртіптер, яғни хабарламаны уақытында бермеу сияқты мәселелер көтерілген.

Егер мәміле жарамсыз деп танылғаны анық болса, салық органдары оны қайта қарап, салықтық тексеру актісі арқылы қосымша салықтар мен айыппұлдарды тағайындай алады.

Салық бұзушылықтарының басым бөлігі шағын және орта бизнестің үлесінде. Ірі бизнес, әсіресе мониторингке алынған салық төлеушілер сирек бұзады.

– Ірі бизнесте білікті заңгерлік және экономикалық қызметтер бар. Олардың салықтық мәдениеті де жоғары. Бізде небәрі 15 мониторингтегі ірі салық төлеуші және жалпы 47 ірі кәсіпорын бар. Олардың ішінде бұзушылық фактілері өте сирек кездеседі, – деді ол.

Негізгі бұзушылар қатарына оңайлатылған декларациямен жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері мен жеке тұлғалар жатады. Бұл азаматтар көбіне мүліктік табыс бойынша өз міндеттемелерін білмейді немесе орындамайды.

– Көптеген азаматтар үйін сатқанда пайда тапса, бұл табысқа салық төлеу керек екенін білмейді. Мысалы, өткен жылы үйді он миллион теңгеге алып, биыл он екі миллион теңгеге сатса, екі миллион теңге табыс ретінде есептеледі. Тиісінше бұл қаражаттың он пайызын салық ретінде өтеу керек, – дейді сарапшы.

Алайда салық төлемеу үшін азаматтардың қолында бағалау есебі болуы керек.

– Егер сату күніне қарай  бағалаушыдан есеп алып, ол баға сату бағасынан жоғары немесе тең болса, онда мүліктік табыс туындамайды. Бұл құжатты келесі жылдың 31 наурызына дейін тапсыруға болады, – деп түсіндірді спикер.

Салық органдарының айтуынша, бұзушылықтарды азайтудың ең тиімді жолы — салықтық мәдениетті көтеру.

– Егер салық уақтылы және дұрыс төленсе, біз үшін де, салық төлеуші үшін оңай болады. Сонда не айыппұл болмайды, не өсімпұл болмайды. Сондықтан біз барлық алаңды пайдаланып, азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз,  – деді камералды мониторинг басқармасының басшысы.

Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бастап камералды бақылау жұмысында өзгерістер орын алады. Енді отыз жұмыс күні ішінде хабарламадағы қателіктер түзелмесе, салық төлеушінің банктік шоттары бұғатталады.

Ал жыл басынан бері мамандар жалпы сомасы 500 миллиард теңгені құрайтын он үш мыңнан астам хабарламаны облыс азаматтарына жіберді. Нәтижесінде бюджетке 14 миллиард теңге қаржы қайтарылды.