Павлодарда шығарындыларды бақылау толық цифрлық жүйеге көшті
Деректер онлайн режимде үздіксіз жаңартылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында атмосфералық ауаға таралатын зиянды шығарындылар көлемі төмендеп, кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауына бақылау күшейтілді.
Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, бүгінде ірі кәсіпорындардың басым бөлігі автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізді.
– Арнайы газ талдау құрылғылары тіркеген мәліметтер әр 20 минут сайын экология департаментіне түсіп, нақты уақыт режимінде бақыланады. Бұл қоршаған ортаға әсерді жедел бақылауға мүмкіндік береді, – деді ол.
2024 жылы облыстағы нақты шығарындылар көлемі 690 мың тоннаны құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 669 мың тоннаға дейін төмендеген.
Шығарындылардың негізгі бөлігі Екібастұз өңіріне тиесілі. Мұнда жылына 400 мың тоннадан астам зиянды зат тіркеледі. Ал ферроқорытпа зауытының үлесі шамамен 1 мың тоннаны құрайды.
Экология департаменті Павлодар мұнай-химия зауыты, Қазақстан электролиз зауыты, «Восточный» разрезі, «Майкөбе Вест» және өзге де ірі кәсіпорындарға тұрақты тексерулер жүргізіп келеді.
Мониторинг жүйесін әлі енгізбеген «Павлодар су арнасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Екібастұз жылу-электр орталығы («Energy Solution Center» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Павлодар су арнасы» қажетті жүйені орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал Екібастұз жылу-электр орталығында қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.