Павлодарда зақымданған трансформатор ауыстырылды

Павлодарда зақымданған трансформатор ауыстырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жабдықтың істен шығуына найзағайдың түсуі себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 27 сәуір күні сағат 19:58-де 110/10 кВ «Көліктік» қосалқы станциясында технологиялық ақау орын алды. Өрт шығып, жабдық зақымданған. Болжам бойынша, себеп – найзағай.

– Өрт сөндірілгеннен кейін бірден жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталды. «ПЭТК» АҚ қызметкерлері ақаулы трансформаторды бөлшектеп, оның орнына резервтік трансформатор орнатуда. Жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде, – делінген хабарламада.

Ақау салдарынан 27 сәуір күні кешке Орталық өнеркәсіптік аймақтағы 106 заңды тұлға жарықсыз қалды. Тәулік ішінде олардың 104-і резервтік көздер арқылы қайта электрмен қамтылды.

Еске сала кетейік, «Әкімшілік қалашық» ауданында өрт шыққаны туралы хабар кезекші пультке төрт минуттан кейін түскен. Өрт сөндірушілер келген кезде жалпы ауданы 80 шаршы метр болатын екі трансформаторлық қосалқы станция жанып жатқаны анықталды. Оқиға орнына 11 маман мен төрт техника жұмылдырылды. ТЖД бөлімшелерінің үйлесімді әрі жедел әрекеттерінің арқасында өрт сағат 21:17-де толығымен сөндірілді.