Павлодарда жасөспірімдерге құқықтық сауаттылықтың маңызы түсіндірілді
Шара «Тура жол» жобасы аясында іске асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында №9 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушыларына арналған түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шара барысында құқықтық сауаттылық, тәуелділіктің алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық мәселелері сөз болды.
Кездесуде Павлодар облысы ПД ЕҚҚБ аға жедел уәкілі Ирина Темірғалиева түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ашық диалог форматында өткен шарада жасөспірімдердің күнделікті өмірде және интернет кеңістігінде кездесуі мүмкін қауіптер талқыланды.
Әсіресе, кәмелетке толмағандарды тыйым салынған заттарды таратуға және қолдануға байланысты құқыққа қайшы әрекеттерге тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Оқушыларға құқық бұзушылар жасөспірімдердің сенімін, қызығушылығын немесе тез ақша табуға деген ұмтылысын пайдаланып, күмәнді жұмыс пен оңай табыс ұсынуы мүмкін екені түсіндірілді.
Мамандар мұндай ұсыныстарға сақтықпен қараудың маңызын айтып, заңсыз әрекетке кездейсоқ араласудың өзі ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Сонымен қатар, есірткі заттарын қолданудың құқықтық және медициналық салдары да түсіндірілді. Мектеп оқушыларына ойланбай жасалған әрекеттің адам денсаулығына ғана емес, оның болашақ өміріне және оқуына да кері әсер етуі мүмкін екені айтылды.
Кездесу барысында алынған ақпаратты бекіту мақсатында есірткіге қарсы бағыттағы тақырыптық бейнеролик көрсетілді. Оқушылар бейнематериалды тамашалағаннан кейін өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, түрлі қауіптердің алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру екенін атап өтті.