Павлодарда жастарға психологиялық және медициналық қолдау тегін көрсетіледі

Павлодарда жастарға психологиялық және медициналық қолдау тегін көрсетіледі
Фото: Константин Шелков

Психолог қабылдауына мыңдаған адам тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық жастар денсаулық орталығы жасөспірімдер мен жастарға тегін медициналық және психологиялық көмек көрсетуде. Орталықта гинеколог, уролог, психолог, терапевт және дерматовенеролог мамандары тұрғындарды қабылдайды. Барлық қызмет анонимді түрде жүргізіледі.

Өңірдің ауылдық аймақтарында репродуктолог дәрігерлердің көшпелі кеңесі ұйымдастырылып келеді. Мұнда ақ желеңділер бедеуліктің алдын алу, жүктілікті жоспарлау және Қазақстандағы қосалқы репродуктивті технологиялардың мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. 

Орталық мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында дәрістер өткізіліп, ерте жүктіліктің, зиянды әдеттердің және психоактивті заттардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары атқарылды. Жасөспірімдерге тегін контрацептивтер де беріледі.

 -Біз жастармен, ата-аналармен және ұстаздармен жұмыс істейміз. Ерте жастан бастап алдын алу жұмыстарын жүргізу болашақ ұрпақ денсаулығы үшін маңызды. Барлық қызмет толықтай тегін көрсетіледі, - дейді Павлодар облыстық жастар денсаулығы орталығының меңгерушісі Дильназ Азаматова.

Айта кетелік, орталық 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Былтыр психологқа 5318 адам жүгінген. Сондай-ақ терапевтің алдына - 4894, гинекологта - 3514, урологта - 1602, дерматовенерологта - 514 қабылдау болған.

Мамандардың айтуынша, жастар көбіне буллинг, психологиялық көмек, репродуктивті денсаулық, ВИЧ инфекциясы және ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері бойынша жүгінеді.