Павлодарда «Жастар таңдайды» диалог алаңы өтті

Павлодарда «Жастар таңдайды» диалог алаңы өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар қаласында жастар мен Павлодар қалалық мәслихатының депутаттары арасында диалог алаңы форматындағы кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара Дүниежүзілік сайлау күніне орай ұйымдастырылды.

Дүниежүзілік сайлау күні жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісінде атап өтіледі. Аталған күн 2005 жылы Венгрияның Будапешт қаласында өткен сайлау ұйымдастырушыларының жалпы конференциясында бекітіліп, Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауына ие болды. Бұл күн жалпыға бірдей сайлау құқығын мойындаудың, демократиялық құндылықтарды нығайтудың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің символы саналады.

–  2026 жылы Дүниежүзілік сайлау күні 5 ақпанда атап өтіледі. Осыған байланысты 2026 жылғы 15 қаңтар мен 5 ақпан аралығында азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру және сайлау институттарына деген сенімді нығайтуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр, – деді Жастар орталығында. 

«Жастар таңдайды» диалог алаңы аясында қатысушылар сайлау үдерісінің маңызы, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі, азаматтық белсенділікті арттыру жолдары мен өкілді органның қызметі жөнінде пікір алмасты. Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, депутаттардан нақты жауап алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың демократиялық үдерістерге деген қызығушылығын арттырып, олардың азаматтық жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.