Павлодарлық полицейлер тұрмыстық жанжалдарға бейжай қарамауға шақырды

Павлодарлық полицейлер тұрмыстық жанжалдарға бейжай қарамауға шақырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Учаскелік инспекторлар есепте тұрғандарды үнемі тексеруі тиіс. Әйтпесе жай ғана ұрыс-керіс адам өлімімен аяқталуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы Индира Жүсіпованың айтуынша, өңірде 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл тіркелген қылмыстар саны 2,3 пайызға өсіп, 129-дан 132 фактіге жетті. 

Ресми деректерге сүйенетін болсақ, аймақта отбасылық-тұрмыстық салада екі ауыр қылмыс өліммен аяқталды. Оқиғалар Ақсу қаласы мен Павлодар қаласында орын алған. Екі жағдайда да ішімдік себеп болған. Олар профилактикалық есепте тұрған азаматтар еді.

Ақсу қаласында болған оқиғада ер адам және онымен бірге тұратын әйелмен алкогольдік ішімдік ішіп отырған. Кезекті жанжал ауыр қылмысқа алып келген. Бұл факті бойынша учаскелік инспекторға «қызметке толық сәйкес еместік» түріндегі сөгіс жарияланды.

– Ер азамат профилактикалық есепте тұрғанына қарамастан, тұрғылықты мекенжайын ауыстырған. Сәйкесінше учаскелік инспектор бұл туралы білмеген. Алайда, ол қызметі аясында оны тексеріп отыруы керек еді. Осындай бұзушылық үшін қызметкерді жауапкершілікке тарттық. Айта кетейін, ер азамат және әйел адам бірге тұрған уақытта полицияға ешқашан жүгінбеген, – деді Индира Жүсіпова.

Оның айтуынша, қылмыс жасаған ер азамат пен әйел пәтерді бар болғаны бір айға жалдап, әкімшілік учаскеге жақын жерде тұрған. 

Павлодар қаласында да ұқсас жағдай тіркелді. Ер адам мен әйел 14 жылдан аса бірге тұрып, тұрақты түрде бірге ішімдік ішкен. Екі тарап та профилактикалық есепте тұрған. Әйел адам полицияға бірнеше рет жүгінгенімен, әр жолы арызын кері қайтарып, «шағымдарым жоқ» деген қарсы өтініш жазған. Бұл жағдай да қайғылы аяқталып, учаскелік инспекторға «қызметке толық сәйкес еместік» түріндегі тәртіптік сөгіс жарияланды.

Айта кетейік, қылмыстардың басым бөлігі алкогольдік мас күйінде жасалады. Статистикалық ақпаратқа сүйенетін болсақ, 132 қылмыстың 60-ы алкогольдік масаң күйде жасалған. 82 қылмысты  – жұмыссыз азаматтар жасаса, бұрын сотталғандар төрт қылмыс жасады.