Павлодарда үш жастағы қыз ашық сымды ұстап, алақандарын күйдіріп алды
Ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өткен сенбі күні Павлодардағы Лермонтов көшесінде көлік жүргізушісі жол белгісіне соғылған. Бұл туралы хабар 21:00-де түскен. Алты минуттан кейін «103» қызметінің мамандары оқиға орнында болды. Үш пациент – 1963, 1971 және 1985 жылы туған әйелдер Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Ал жол-көлік оқиғасының тағы бір қатысушысы, 29 жастағы ер адам медициналық тексеруден бас тартқан.
Осы күні Екібастұз қаласында да көлік соқтығысу салдарынан жаяу жүргінші зардап шекті. 76 жастағы әйел жабық ми жарақатын және ми шайқалуын алған. Ол жергілікті ауруханаға жеткізілді.
Жедел жәрдем қызметі атап өткендей, балалармен байланысты тұрмыстық жарақаттар бойынша да шақыртулар жиі түсіп жатады. Өткен жексенбіде Павлодарда үш жасар қыз бала екі алақанын І дәрежелі күйікпен жарақаттап, облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Ересектердің айтуынша, бала көшедегі шам бағанасынан шығып тұрған ашық сымдарға қолын тигізіп алған.
Павлодарлық «103» қызметіне келіп түсетін шақыртулар саны 1,5 есеге артты. Әдеттегі күндері жедел жәрдем тәулігіне 600–650 шақырту қабылдаса, өткен демалыс күндері бұл көрсеткіш мыңға жуықтады.
Қарашаның алғашқы екі күнінде павлодарлық «103» қызметі тиісінше 826 және 964 шақыртуға шыққан. Демалыс күндері жедел жәрдем пультіне түскен қоңыраулардың шамамен 30 пайызы жедел респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) байланысты. Сонымен қатар дәрігерлердің жедел араласуын қажет ететін төтенше жағдайлар саны да азайған жоқ.
Дәрігерлер еске салады: жүктеме көп болған сәттерде «103» желісі босамай жатса, жедел жәрдемге баламалы нөмірлер арқылы хабарласуға болады. Тәулік бойы келесі нөмірлер жұмыс істейді: +7 (7182) 32-00-24 және 32-37-78. Жұмыс уақыты кезінде пациенттерді қолдау қызметінің маманы жауап беретін +7 (7182) 65-05-00 нөміріне де хабарласуға болады. Бұдан бөлек, егер сіз «112» нөміріне қоңырау шалып, жедел жәрдем сұрасаңыз, ол шақырту автоматты түрде «103» диспетчеріне бағытталады. Сондай-ақ жедел жәрдемді Telegram мессенджері арқылы да шақыруға болады — ол үшін арнайы ботқа жазылу жеткілікті: http://t.me/pvl_103_bot.