Павлодарда үй жануарларын серуендету ережелерін бұзғандар жауапқа тартылды

Павлодарда үй жануарларын серуендету ережелерін бұзғандар жауапқа тартылды
Фото: Константин Шелков

Оларға айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Полиция қызметкерлері күнделікті жұмыс барысында үй жануарларын ұстау және серуендету тәртіптерінің сақталуын қадағалайды. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету ережелерін бұзған жағдайда олардың иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 

Мәселен, полицияға қала тұрғыны дүкен маңында иттер жүр деген мазмұндағы қоңырау шалған. Ал Екібастұзда әйел адам полицияға жүгініп, баласымен бірге серуендеп келе жатқанда қатты үре бастаған итті көргенін айтқан. 

Полиция қызметкерлері аталған оқиғаларда жануарлардың иелерін анықтап, оларды ереже бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оларға айыппұл салынды.

Жыл басынан бері иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету ережелерін бұзған 274 үй жануарының иесі әкімшілік жазаға тартылған.

Тәртіп сақшылары жеке тұрғын үй иелеріне жануарларын өз ауласында, олардың қашып кетуіне жол бермейтіндей жағдайда ұстау қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар аула кіреберісіне «ит бар» деген ескерту белгісін орнату талап етіледі. Иттер мен мысықтарды аулада, балалар ойын алаңдарында, балабақша мен мектеп аумақтарында, денсаулық сақтау ұйымдары маңында, стадиондарда, саябақтар мен скверлерде серуендетуге тыйым салынады.

Мамандар аталған нормаларды сақтау жазатайым оқиғалардың алдын алып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.