Павлодарда әуежай сәуірден бастап жабылады

Павлодарда әуежай сәуірден бастап жабылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екі аптадан кейін билеттер сатылмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында белгілі болды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтің айтуынша, биыл авиатасымалдарды дамыту үшін Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары басталды. Осыған байланысты рейстер тоқтатылып, әуежай 1 сәуірден 1 қарашаға дейін жабылады. Аймақ басшысы бұл ақпараттың халыққа алдын ала  хабарланбағанына қатысты ашуын жасырмады. 

– Сіздер 1 сәуірден бастап әуежай жөндеуге жабылатынын неге жариялаған жоқсыздар? Билеттерді сатуды тоқтаттыңыз, бірақ ешқандай хабарландыру болмады. Осындай хабарландыруды еш жерде көрген емеспін. Бір айдан аз уақыт қалды. Адамдар алдын ала өмірін жоспарлау керек қой. Үнемі ақпаратқа монополия жасамай, жоспарда бар нәрсені алдын ала жеткізу керек екені жайлы айтамын, – деді Асайын Байханов. 

Өткен жылы ұшу-қону жолағын жаңартуға 4 миллиард 800 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат жүз пайыз игерілді. Биыл 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде облыстық бюджет 967 миллион теңге, ал республикалық бюджет 617 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда материалдар жеткізілуде.