Павлодарлық өнертапқыштар әлемнің үздік инженерлері қатарына қосылды

Павлодарлық өнертапқыштар әлемнің үздік инженерлері қатарына қосылды
Фото: облыстық білім басқармасы

Білімпаздар АҚШ-та арнайы марапатқа ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

110 елден 50 мыңнан астам оқушы қатысқан Хьюстондағы FIRST Championship 2025 халықаралық инженерлік турнирінде Қазақстан құрамасы үш жас санаты бойынша рекордтық нәтиже көрсетті. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Қазақстан намысын жеті команда қорғады. Олардың ішінде кіші санатта (6–10 жас) — FIRST LEGO League Explore бойынша Павлодар қаласындағы «Сатурн» мектебінің ATLANTIS командасы Team Model Award марапатына ие болды. Қазылар алқасы жарқын дизайн, ойластырылған механика, инновациялық идеялар, балалардың қозғалтқыштармен жұмыс істеу қабілеті және түпнұсқа техникалық шешімдерді қабылдай алуын байқап, әділ бағаларын берді. 

Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің CRISTABOL командасы техникалық және техникалық емес дағдылардың үздік үйлесімі үшін берілетін ең беделді марапат — INSPIRE Award-ты жеңіп алды. Sana Team және Jeltoqsun командалары роботтар ойыны бойынша 258 команданың ішінен ТОП-20 қатарына енді.

FIRST Global Challenge чемпионатының ерекшелігі — бұл жарысқа әртүрлі жас деңгейіндегі бірнеше команда қатысады. USTEM Foundation қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметовтың айтуынша, Қазақстан бұл чемпионатқа небәрі бес жылдан бері қатысып келеді.