Павлодарлық 650 спортшы еліміздің ұлттық құрама командаларына кірді
Облыс әкімі кезекті есебін спортқа арнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың мәлімдеуінше, жыл сайын бұқаралық спортты дамытуға облыстық бюджеттен шамамен 15 миллиард теңге бөлінеді. Бұл соманың 79,6 пайызы нысандарды ұстауға, жалақы төлеуге, ал үштен бір бөлігі түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындалуға жұмсалады.
– Өткен жылы спорт инфрақұрылымын дамыту мен нысандарды жаңғыртуға бюджеттен 5,3 миллиард теңге инвестицияланды. Павлодар, Ақсу ауданының ауылдарында, Ертіс және Шарбақты аудандарында – біз 7 жаңа спорт нысанын салдық. Сонымен қатар, 14 спорт нысанына жөндеу жұмыстарын жүргіздік, – делінген хабарламада.
2023 жылы облыс спортшылары республикалық жарыстарда 961 алтын, 827 күміс, 1017 қола медаль және халықаралық деңгейдегі жарыстарда 129 алтын, 131 күміс, 158 қола медаль жеңіп алды.
Өткен жылдың басты жетістіктерінің бірі – Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен 19-шы жазғы Азия ойындары. Оған облыстың 10 спорт түрінен 19 спортшысы қатысып, 3 қола медаль жеңіп алды.
– Сол ойындарда, облысымыздың паралимпиадиалық спорт тарихында тұңғыш рет жерлесіміз Серік Солтанов шахматтан командалық есепте 3-ші орынды иеленді. Ал «Павлодар» ерлер волейбол командасы Ұлттық лигадағы ел чемпионатын және ҚР кубогын жеңіп алып, өз жанкүйерлерін қуантты, – деп толықтырды облыс әкімі.
Өңірімізде 22 ірі балалар-жасөспірімдер спорт мекемелері, оның ішінде 4 олимпиадалық резерв мектебі, 40 балалар-жасөспірімдер клубы, сондай-ақ 28 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. 729 спорт педагогы 24 мыңнан астам болашақ жас спортшыларды дайындайды.