Павлодарлық бақылаушылар сайлаушылардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуде
Облыста 1500-ден астам бақылаушы сайлау учаскелерінде жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақтық «Дауыс» коалициясының жетекшісі Алма Қозыбаеваның айтуынша, Павлодар облысында дауыс беру процесінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде.
- Бұл үдерісте «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының қатысуы маңызды рөл атқарды. Коалицияның жұмысы сайлау рәсімдерінің ашықтығын арттыруға, қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге және дауыс беру нәтижелеріне азаматтардың сенімін нығайтуға ықпал етеді, - дейді ол.
Алма Қозыбаева бақылаушылар қатарында әртүрлі қоғамдық ұйымдардың және азаматтық қоғам институттарының өкілдері барын тілге тиек етті. Олардың қатысуы заңнаманың сақталуын, сайлаушылардың құқықтарының қорғалуын және дауыс беру рәсімдерінің объективті өтуін қамтамасыз етуде.
- Бақылаушылардың белсенді қатысуының арқасында өңірде дауыс беру ұйымдасқан түрде, тыныш әрі қолданыстағы заңнамаға толық сәйкес өтіп жатыр. Барлық байқаушыларға жауапты азаматтық ұстанымы, кәсібилігі және еліміздегі демократиялық үдерістердің дамуына қосқан үлесі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз, - деді коалициясының жетекшісі.
Айта кетелік, өңірдегі 500-ден астам учаскелік комиссияларда 1500-ден астам бақылаушы жұмыс істеуде.