Павлодарлық боксшы әлемнің үздік спортшыларымен жұдырықтасады

Қазақстанда алғаш рет осындай жарыс өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ерлер мен әйелдер арасында бокстан Әлем кубогы өтеді. Павлодарлық боксшы Серік Теміржанов 60 келі салмақ дәрежесінде бокстасады.
– Жарысқа 30 елден 300-ге жуық спортшы қатысады. Бұл – World Boxing олимпиадалық ұйымының қолдауымен Қазақстандағы алғашқы турнир. Әлем кубогы жыл бойы бірнеше кезеңмен өткізіледі және халықаралық жарыстар рейтингіне енеді, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында.
Әр салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздар – 300 ұпай, күміс жүлдегерлер – 200 ұпай, қола медаль иегерлері 150 ұпай алады. Қатысушылар арасында әлемнің жетекші боксшылары бар.
Еске сала кетейік, наурызда Болгария астанасында бокстан өткен халықаралық «Странджа кубогында» жартылай финалда Серік Теміржанов өнер көрсетіп, шаршы алаңның иесі Радослав Росеновке есесін жіберіп, күміс медальді жеңіп алды.
Бұған дейін Серік Теміржанов Жапонияның Токио қаласында өткен 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында ерлер арасында жеңіл салмақтағы жарыстарға қатысты. 2021 жылғы Белградта болған әлем чемпионатына қатысып, күміс жүлдегері, Thailand Open халықаралық турнирінің чемпионы атанды. Былтыр Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды.