Павлодарлық IT-мамандар стратегиялық міндеттерді қалай жүзеге асырмақ?
Ақпараттық технологиялар колледжінің басшысы Серік Жартыбаев жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыбы бүгінгі күннің басты мәселесі екеніне тоқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдің отандық өнімдерге, платформалар мен сервистерге ставка жасауы тиістігі туралы айтқан сөздерінің стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
– Цифрлық мемлекет құруға баса назар аудару маңызды. Осы міндеттің орындалуына еліміздің болашағы тікелей байланысты. Жасанды интеллектіні толыққанды енгізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегіне айналуы тиіс. Жасанды интеллект негізіндегі аса маңызды цифрлық жобаларды іске асыру ерекше назар аударуды талап етеді, – деді Серік Жартыбаев Мемлекет басшысының сөзіне сүйене отырып.
Оның пайымдауынша, бұл міндеттер барлық деңгейде және барлық жерде орындалуы тиіс.
Колледж басшысы Павлодардағы IT-білім ордасы бұл бағытта бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, оқу орнының колледж шеңберінен шығып кеткен өзіндік білім базасы, жетістіктері мен жобалары бар екенін жеткізді. Дегенмен, ол ұжымның ең басты міндеттерінің бірі – жастардың цифрлық мәдениетін қалыптастыру екенін қадап айтты.
Серік Жартыбаев хакатондардағы жеңістер мен түрлі жобалардың өзіндік мақсат емес екенін атап өтті. Ол өз ұжымының жасанды интеллектімен жұмыс істей алатын, оны әртүрлі салаларда қалай және не үшін қолдану керектігін түсінетін кадрларды даярлауға жауапты екенін жеткізді. Колледж басшысы бұл қадамды Қазақстанның цифрлық мемлекет ретінде қалыптасуына павлодарлықтардың қосатын елеулі үлесі деп түйіндеді.