Павлодарда ҚР Халық әртісі кітабының тұсауы кесілді

Павлодарда ҚР Халық әртісі кітабының тұсауы кесілді
фото:

Аталмыш іс-шарада жанды дауыста жиырмаға жуық өнер туындысы орындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешенінде Халық әртісі, профессор Айгүл Үлкенбаева мен философия (PhD) докторы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, «Hassak» этно – фольклорлық тобының жетекшісі Ержан Жәменкеевтің қатысуымен «MODEL 2.1.5. Dem al» атты концерт ұйымдастырылды.

Шығармашылық кездесу барысында ҚР Халық әртісі, профессор Айгүл Үлкенбаеваның «Домбыраға арналған шығармалар» – екі бөлім, шетелдік туындыдан тұратын кітабының тұсаукесері өтті. Автор осы кітаппен музыка колледжінің кітапхана қорын толықтырды.

Музыкалық кешке Назира Омар, Мерей Бейсен, Нұрбол Қаратай қатысты.

 – Қазіргі заманның көрнекті музыканттарымен бір сахнада өнер көрсету жас әртістердің деңгейі мен беделін көтереді. Сондай-ақ, мотивацияларын, бәсекелестік қызығушылықтарын арттырады және өз-өзін танып білуге, жаңа деңгейге жетуге, өздерінің қабілеттерін толық көрсетуге жағдай жасайды, – дейді концерт қонағы, ҚР Халық әртісі Айгүл Үлкенбаева.

Бұдан бөлек, ашық шеберлік сыныптары мен шығармашылық кездесулер түріндегі концерттің педагогикалық құрамдас бөлігі педагогтар мен студенттерге өздерінің кәсіби біліктілігі мен шеберліктерін арттыруға, педагогикалық тәжірибе алмасуға және шығармашылық байланыстар орнатуға ықпал етеді. 

Айта кетейік, концерттік бағдарламалар көрермендерді тарту арқылы академиялық музыкалық өнерді және халық аспаптарында орындауды насихаттауға ықпал етіп қана қоймай, заманымыздың көрнекті музыканттарының концерттеріне қатысуға мүмкіндік берді.

Іс-шара студенттердің жан-жақты дамуына ықпал ету мақсатында ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, жеке тұлғаның музыкалық мәдениетін қалыптастыруға байланысты халқымыздың мәдениетіне, оларды рухани құндылыққа баулу және жас музыканттардың білімін, орындаушылық дағдыларын насихаттауға, кәсібилігін арттыруға бағытталған.