Павлодарлық лицейге «республиканың үздік олимпиадалық мектебі» атағы берілді

Бұл мәртебе – оқушылардың жеткен жетістіктерінің дәлелі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Алматы облысы Қаскелең қаласында халықаралық және республикалық деңгейдегі жалпы білім беру пәндері бойынша олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға мамандандырылған білім беру ұйымдарының қатысу қорытындыларына арналған салтанатты тамыз конференциясы өтті.
Іс-шара барысында зияткерлік сайыстарда жоғары нәтиже көрсеткен үздік мамандандырылған білім беру ұйымдарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Басшылар мен ұжымдарға дарынды жастарды қолдауға және отандық білім беру беделін арттыруға қосқан үлестері үшін дипломдар, естелік белгілер мен құрметті наградалар табысталды.
Ерекше сәттердің бірі – ҚР БҒМ РНЦП «Дарын» алғашқы директоры Үміт Жексенбаева атындағы естелік мүсіншені Павлодар облысы білім беру басқармасының дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейіне табыстау болды. Бұл сыйлық – олимпиадалық қозғалысты дамытуға, дарынды оқушыларды қолдауға және жаңа буынның білім биіктерін бағындыруына шабыт берген еңбектің айқын белгісі. Осы күні №8 мектеп-лицейіне тағы бір мәртебелі мүсінше табысталып, «Республиканың үздік олимпиадалық мектебі — 2025» атағы берілді.
Сонымен қатар, оқушылардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға белсенді атсалысқаны үшін Сәтбаев атындағы гимназия мен №3 гимназия ұжымдары Алғыс хаттармен марапатталды.