Павлодарлық мектеп оқушысы ағаш отырғызудың үнемді тәсілін ұсынды

Павлодарлық мектеп оқушысы ағаш отырғызудың үнемді тәсілін ұсынды

№3 дарынды балаларға арналған гимназияның 10-сынып оқушысы Аружан Жартыбаева Seedball технологиясына назар аударды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. Аружан Қазақстанды көгалдандыруда Кения тәжірибесін қолдануды ұсынады. 

– 2025 жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында екі миллион ағаш отырғызылды. Мақсат – 2027 жылға дейін екі миллиард ағаш отырғызу. Дәл осы тұста инновациялық технологиялар көмектесе алады, – дейді Аружан. 

Оның пікірінше, «Just Throw and Grow» ұранымен танымал Seedball технологиясы назар аударуға тұрарлық. Бұл әдісте тұқымдар сазбен, тыңайтқыш және қоректік заттармен араластырылып, капсула түрінде түйірленеді.

– Капсуланы жерге жай ғана қойылады. Топырақты қазу да, алдын ала дайындау да қажет емес. Сосын жауын-шашынды күту керек. Саз тұқымды құстар мен зиянкестерден қорғайды, ал ылғал өну процесін іске қосады. Капсула ыдырап, ағаш өсіп шығады, – деп түсіндірді жоба авторы.

Аружанның айтуынша, Кенияда бұл технология арқылы 60 миллионнан астам ағаш отырғызылған.

Зерттеуінде Seedball әдісінің дәл Қазақстандағы құнарсызданған жерлерді қалпына келтіруге қаншалықты тиімді екенін қарастырған. Экспериментке үш түрлі капсула қолданылған. Біріншісі — негізгі: оған жөке ағашының тұқымы, желатин, ағаш көмірі мен саз салынған. Екіншісі синтетикалық фитогормон — гетероауксинмен, ал үшіншісі биостимулятор — корневинмен толықтырылған. 

90 капсула қара топырақта, бақша топырағында және құмда сыналған.

– Нәтиже күткеннен де жақсы болды. Ең жоғары көрсеткішті қара топырақтағы гетероауксині бар капсула көрсетті – өну пайызы 70–80%. Алғашқы өскіндер 11–12 күнде шықты, – деп қуанышымен бөлісті оқушы.

Ол маңызды бір жайтты атап өтті: құмды топырақта өну деңгейі әлдеқайда төмен – 20–30% ғана. Бұл құм басым аймақтар үшін басқа ағаш түрін таңдап, капсула құрамын оңтайландыру қажеттігін көрсетеді. 

Есептеулер жүргізген Аружан бұл әдістің шығынды 40 еседен аса үнемдейтінін анықтаған. Ол нақты іс-қимыл жоспарын да ұсынды: алдымен 500 капсуланы әртүрлі учаскеде сынап көру, кейін «Жасыл мектеп ауласы» жобасы мен «1 минутта ағаш отырғыз» акциясы аясында 10 мың капсула отырғызу. Осы үшін бес облыста 100 мың капсула тарату қажет.

Зерттеуші қыздың пікірінше, бұл технология «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсатына жылдамырақ әрі үнемді түрде қол жеткізуге көмектеседі.

Аружан Джартыбаева осы ғылыми жұмысымен облыстық зерттеу жобалары байқауына қатысып, үздік үштікке енді.