Павлодарлық оқушылар Халықаралық «Абай оқуларында» топ жарды

Павлодарлық оқушылар Халықаралық «Абай оқуларында» топ жарды
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

Семей қаласында жалпы білім беретін ұйымдарының 8-11-сынып оқушылары арасында XXVI республикалык «Абай оқулары» шығармашылық конкурсы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шараны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Абай облысының білім басқармасымен ұйымдастырды. Биылғы жылдың ерекшелігі – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай аталған байқаудың халықаралық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылуы. Зияткерлік сайысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қытай елдерінен 130-дан астам оқушы мен 50-ге жуық жетекші қатысты.

– Шара барысында Қараауылдағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді, оқушылар және олардың жетекшілеріне Бөрлідегі Мұхтар Әуезов мұражайына, Сырт Қасқабұлақтағы Абайдың туған жеріне саяхат ұйымдастырылды, – деді ұйымдастырушылар.

Абай оқулары бес номинация бойынша өтті: «Абайдың асыл мұрасы» (ақын өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқу), ⁠«Абайдың ақын шәкірттері» (Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы шығармаларын жатқа оқу), ⁠«Әнді сүйсең менше сүй» (Абай, Шәкәрім, Ақылбай әндері мен күйлерін орындау), «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» (оқушылардың өз өлеңдері),  «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» (Абай туралы көркем туындыларды толық білу, талдау жасау).

Павлодар облысынан республикалық додаға өңірлік байқаудың жеңімпаздары – Екібастұз қаласы №36 лицей-мектебінің 8-сынып оқушысы Хумарбек Махсат, Шарбақты ауданы Хмельницкий ЖОББМ 9-сынып оқушысы Кәусар Азамат, облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Айсұлтан Даулетқан, Павлодар қаласы №7 ЖОББМ 10-сынып оқушысы Әсет Альтаир, Успен ауданы Қаратай ЖОББМ 9-сынып оқушысы Смағұл Мәдияр қатысты.

Республикалық байқау қорытындысы бойынша «Абайдың асыл мұрасы», ⁠«Әнді сүйсең менше сүй» бағыттарында Хумарбек Мақсат (мұғалімі – Д. Тыныбеков) және Әсет Альтаир (мұғалімі –А.Мундуинова) І дәрежелі дипломдарымен марапатталды. «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» бағытында Кәусар Азамат (мұғалімі – Ш. Болатбек) ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» бағытында Айсұлтан Дәулетқан (мұғалімі – Н. Қуатбек) ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.