Павлодарлық педагогтар республикалық кадр резервіне қабылданды

Павлодарлық педагогтар республикалық кадр резервіне қабылданды
Фото: облыстық білім басқармасы

Енді олар бірегей жобаның мүшесі ретінде саналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 403 қатысушыға кадрлық резерв сертификатын табыстады.

Павлодар облысынан 13 педагог жобаға қатысып, барлығы да әңгімелесуден сүрінбей өтіп,  республикалық кадр резервіне қабылданды. Бұл жоба – білім беру жүйесін жаңғыртуға, басқарудың тиімділігін арттыруға және жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Кадрлық резерв мүшесі Рысбек Естай жобаның маңыздылығын атап өтті.

– Бұл – білім беру саласындағы көшбасшыларды дайындауға арналған, зор мүмкіндік беретін бірегей жоба. Ол жаңа көзқарас пен заманауи басқару мәдениетін қалыптастыруға жол ашады. Әр педагогтың кәсіби және тұлғалық дамуына үлкен серпін береді, – деді ол.

Оның сөзінше, облыстық әдістемелік орталықтың жұмысын да атап өткен дұрыс, облыстық деңгейде жобаға кіріспе ұйымдастырылып, бастаманың іргетасы нық қаланды.