Павлодарлық полицей Президент қолынан жоғары марапатқа ие болды
Марапатты Жаңылсын Сағадатқа Мемлекет басшысы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде табыс етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, марапат оның кәсіби шеберлігі, адал қызметі және заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін берілді.
Жаңылсын Сағадат ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, жоғары жауапкершілік, принципшілдік және таңдаған мамандығына деген адалдығын көрсетіп келеді. Оның кәсібилігінің арқасында бірқатар қылмыстық істер сәтті тергеліп, азаматтардың құқықтары қалпына келтіріліп, құқық бұзушылардың жазадан құтылмауы қамтамасыз етілуде.
– Мен қызмет етіп жүрген тергеу саласы – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін күрделі бағыт. Әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында еңбек ету – мен үшін үлкен абырой. Мені тәрбиелеп өсірген ата-анама, әрдайым қолдау көрсетіп жүрген жұбайыма және жақындарыма шын жүректен алғысымды білдіремін. Олардың сенімі мен қолдауы мен үшін әрқашан үлкен күш. Алдағы уақытта да еліме адал қызмет етіп, халқымның сенімін ақтауға бар күш-жігерімді саламын, - дейді полицей.
Тергеуші бұл мамандыққа Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері мен ішкі істер органдары өкілдері өткізген кәсіптік бағдар беру кездесулеріне қатысқаннан кейін қызығушылық танытқан. Мектепті аяқтаған соң ол Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды академиясына оқуға түсіп, мамандығы бойынша білім алғаннан кейін қалалық полиция басқармасына қызметке қабылданды. Тергеуші ретіндегі алғашқы тәжірибесін ол мүліктік қылмыстармен – ұрлық пен тонаумен күрес бөлімшесінде жинақтады.
– Мен үшін ел Президентінің қолынан мемлекеттік награда алу – үлкен мәртебе. Бұл тек менің еңбегімнің ғана емес, бүкіл ұжымымыздың жұмысына берілген баға. Ішкі істер органдарында күн сайын өз міндетін адал атқарып, азаматтардың құқықтарын қорғап, әділдікті қамтамасыз ететін жандар қызмет етеді. Маған қолдау көрсетіп, сенім білдірген басшылық пен әріптестеріме алғыс айтамын. Алдағы уақытта да заң мен қоғамға адал қызмет етемін, – дейді Жаңылсын Сағадат.
Екібастұз қаласы Полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергеновтің айтуынша, бұл марапат – күн сайын заң мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғап жүрген ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбегіне берілген жоғары баға.
Екібастұз қаласы Полиция басқармасының басшылығы мен жеке құрамы полиция майорын жоғары мемлекеттік наградасымен және Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, қызметінде табыс, зор денсаулық, отбасы амандығы мен жаңа кәсіби жетістіктер тілейді.