Павлодарлық жас зияткер халықаралық олимпиададан күміспен оралды
Қазақстан құрама командасы алты мемлекет арасында жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
24-27 желтоқсан аралығында Әзербайжан Республикасы Баку қаласында «Таланттарды даярлау зертханасы» атты халықаралық олимпиадасы өтті. Оған ТМД елдерінің командалары қатысты. Бұл олимпиадада 15 жасар жас зияткерлер физика, химия және математика пәндерінен өз білімдерін таразыға салды.
– Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың жаратылыстану-математикалық бағыттағы ғылымдарға деген қызығушылығы мен шығармашылық қабілеттерін анықтау және дамыту, дарынды балалардың зияткерлік дамуына қолдау көрсету үшін қажетті жағдайлар жасау, жастар арасында ғылыми білімді тарату және дәріптеу болып табылады, – деді облыстық білім беру басқармасында.
Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Дәрия Бектұрсын өз білімін паш етіп, күміс медаль жеңіп алды.