Павлодарлық жеңіл атлетшілер жазғы спартакиадада оннан астам медаль жеңіп алды
Алматы қаласында жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының VІ жазғы спартакиадасы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Республикалық жарыстар Орталық стадион мен «Алматы Арена» жеңіл атлетика манежінің базасында өткізілді.
Павлодар облыстық жоғарғы спорттық шеберлік мектебінің мәліметінше, өңір спортшылары 3 алтын, 7 күміс, 2 қола барлығы 12 медаль олжалады.
– Алтын медальды 100 метрге жүгіруден белгілі спортшы Ольга Сафронова, 400 метрге жүгіруден Александра Залюбовская, 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Анна Дубина еншіледі, – деді ЖСШМ-да.
Ал, найза лақтырудан Диана Гейнц, 200 метрге жүгіруден Дамил Сүтжанов, 100 және 400 метрге жүгіру эстафетасында облыстың ерлер мен әйелдер командалары күміс медаль иеленді. 400 метрге жүгіруде ерлер мен әйелдер аралас командалар арасындағы эстафетада да павлодарлықтар күміс алды.
100 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Кристина Ермола мен Захар Левицкий қолаға қол жеткізді.
Айта кетейік, спартаиадаға 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 275-ке жуық спортшы қатысты.
Фото: ҚР Жеңіл атлетика федерациясы