Павлодарлықтар Азия алтыны үшін күреске қашан шығады

Павлодарлықтар Азия алтыны үшін күреске қашан шығады
Фото: pressthebutton

Жарыс жолына бірінші болып шаңғышы Дарья Ряжко шығады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

8 ақпан күні сағат 11.00-де Қысқы Азия ойындарында классикалық шаңғы жарысы бойынша іріктеу жарыстары басталады. Павлодарлық Дарья Ряжко 13.00-де өтетін финалға шығуға тырысады. Келесі күні шаңғышылар бес шақырымдық еркін стильде Азия ойындарының чемпиондарын анықтайды. 12 ақпанда 4х5 шақырымдық эстафеталық жарыс өтеді.

Конькимен жүгіруші Арина Ильяшенко үшін Азия ойындары 8 ақпанда басталады. 12.00-де 100 және 1500 метрге жарыс өтеді. Павлодарлық Азиададағы жарысын 11 ақпанда 1000 метрге командалық сынмен аяқтайды.

Фристайлдан шаңғышы Роман Иванов 9 ақпанда жарысқа шығады. Павлодарлық жекелей сында, сондай-ақ аралас командалық және синхронды жарыстарда жүлде алуға тырысады.

11 ақпанда павлодарлық биатлоншы Дарья Климина Азия ойындарында алтын үшін күреске шығады. 7,5 шақырымдық спринт сағат 10:00-де, ал 4х6 шақырымдық эстафета 13 ақпанда басталады.

IX Қысқы Азия ойындары 7 ақпанда Қытайдың Харбин қаласында басталып, 14 ақпанға дейін жалғасады. 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен ойындарда Қазақстан құрамасы тоғыз алтын, 11 күміс және 12 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте төртінші орын алған болатын.