Теледидар істемейді: Павлодарлық тұрғын сот арқылы ақшасын қайтарды
Дүкеннің қызмет көрсету орталығы зақымданған тауарды қарап шыққасын шағымды қанағаттандырусыз қалдырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қалалық сотында сатып алу-сату шартын бұзу, тауардың құны мен моральдік зиянды өндіру туралы талап қою бойынша азаматтық іс қаралды.
Былтыр жазда қала тұрғыны интернет-дүкен қосымшасы арқылы жалпы құны 517 мың теңгеге екі «Samsung» теледидарын сатып алған. Тауарды алғаннан кейін бір теледидардың жұмыс істемейтіні анықталды. Талап қоюшы бұл мәселе бойынша қызмет көрсету орталығына жүгінген, алайда оның шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. Орталықта тауардың пайдаланылғанын және оның сыртқы көрінісі көңіл көншітпейтінін алға тартқан.
Істі қарау барысында маманның қорытындысы бойынша теледидардың панеліне механикалық зақым келгені анықталды.
ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 15-бабына сәйкес тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
– Сот іс материалдарын, арызданушының дәлелдерін, сарапшының қорытындысын зерделей келе, сатып алу-сату шартын бұзу, 258 880 теңге теледидар құнын және 25 000 теңге моральдік шығынды өндіру туралы шешім шығарды, – деді Павлодар қалалық сотының баспасөз қызметінде.
Шешім заңды күшіне енді.