Тең мүмкіндіктер: Павлодарда боччадан турнир өтті

Тең мүмкіндіктер: Павлодарда боччадан турнир өтті

Қазақстан бочча Федерациясы №2 жалпы орта білім беру мектебінде бочча паралимпиадалық спорт түрінен инклюзивті турнир ұйымдастырды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ERG Komek» корпоративтік қорының қолдауымен паралимпиада спортының – бочча түрін дамыту жобасы аясында өткен іс-шараға мүгедектігі бар балалар мен ересектер, үкіметтік емес және коммерциялық ұйымдардың өкілдері, ұстаздар, Павлодар облысы мәслихатының депутаттары қатысты. Жобаның спорт арқылы қоғамдағы инклюзивтілік пен теңдікке ықпал ететін жоғары әлеуметтік мәні бар.  

Шараның ашылу салтанатында энергетика дивизионының (ERG) «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ экономика және бақылау жөніндегі директоры Данияр Әбдіқадыр компания атынан қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Біздің компания боччаның дамуын қолдайды. Арнайы жабдықтарды сатып алуға, оқыту семинарларын өткізуге, қалаларда инклюзивті турнирлер ұйымдастыруға және республикалық чемпионатқа қаражат бөлінді. Сондай-ақ, Семей және Павлодар қалаларының боччадан ұлттық құрама мүшелеріне мүгедектер арбасы сатып алынды. ERG барлық қызмет барысында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға қатысады. Біздің топтың Қазақстандағы 30 жылға жуық қызметі барысында осы мақсаттарға қайырымдылық және демеушілік жобаларға 1 миллиард доллардан астам қаражат бөлдік. Бочча ойыншылары физикалық тұрғыдан ғана емес, стратегиялық тұрғыдан да төзімді болуы керек. Бұл – мақтан тұтуға лайық! Сіздерге одан әрі өркендеу мен сәттілік тілеймін! – деді Данияр Әбдіқадыр.

Қазақстан бочча Федерациясының бас хатшысы, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры Нұргүл Ұлжекованың айтуынша, шараның басты мақсаты – бұл ойын түрін танымал ету ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы инклюзивтілік пен теңдікті нығайту, диалог пен өзара әрекеттесу алаңын құру. Турнирде жас ерекшелігі 12-65 аралығын қамтитын, әрқайсысында үш адамнан 10 команда, барлығы 30 адам бақ сынады. 

  Бочча –  азаматтардың барлық санаты үшін қолжетімді Паралимпиадалық спорт түрі. Инклюзивті турнирде мүмкіндігі шектеулі және бұл санатқа енбейтін командалар, балалар мен ересектер бақ сынады. Мұндай шара барлығын біріктіріп, инклюзивті қоғам құруға, тең жағдайларды сезінуге мүмкіндік береді. Командалар бочча бойынша ұлттық құрама мүшелері мен облыстық бочча федерациясының мүшелерінен құрылған, –  дейді  Нұргүл Ұлжекова.

Бұдан бөлек, дене шынықтыру мұғалімдері мен жаттықтырушыларына  бейімделген дене шынықтыру мен бочча бойынша тегін семинарлар ұйымдастырылды. Оған 55 тыңдаушы қатысты. Мұндай іс-шаралар бұған дейін Алматы, Ақтөбе, Қостанай қалаларында өткен. 

Осы аптаның соңында Қарағанды қаласында өткізу жоспарланып отыр. Бұл қалаларды таңдау себебі, демеуші ERG компаниясының аталған бес облыста кәсіпорындары бар, сондықтан бірінші кезекте осы қалалар қамтылды. Ұстаздар семинар барысында алған білімдерін әрі қарай спорттық шараларда, тәжірибеде қолданады деген ойдамыз, – деді  Нұргүл Ұлжекова.

Семинарға Ақмола облысының Ерейментау қаласынан келген Дина Уатхан «Болашақ» бөбекжайында дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп жүргеніне екі ай болған. 

Бочча өте қызықты ойын әрі балалардың қол-аяқ бұлшықеттерін дамытуға оң әсер етеді. Өзіміз де ойнап көрдік. Тек қана ерекше балалар емес, әртүрлі жастағы балалар да ойнай алады. Мен болашақта әрі қарай ерекше балалармен жұмысты жалғастырғым келеді, – дейді ол.

Павлодар қаласындағы № 17 жалпы орта білім беру саралап оқытатын бейіндік мектептің мұғалімі Әсел Балешова дене тәрбиесінен сабақ береді. Ол мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған, мүмкіндігі шектеулі балалармен және ересектермен жұмыс істеу әдістері мен тәжірибе алмасуды қамтитын семинардан құнды ақпарат алғанын айтады. 

– Мен бес жарым жылдай білім беру саласында еңбек етіп келемін. Бірінші күні семинарда көптеген пайдалы әдіс-тәсілдерді үйрендік. Бұл курста алған білімімді өз сабақтарымызда пайдаланып, осы спорт түрін енгізетін боламыз, – дейді ол. 

Марапаттау рәсіміне қатысқан «Энергетика» дивизионының бас операциялық директоры, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» (ERG) бас директоры Дүйсен Мерғалиев барлық қатысушыларды құттықтап, инклюзияны дамытудың және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға ықпал ететін іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.   Іс-шара барысында Қазақстан Бочча федерациясының демеушісі «ERG Komek» корпоративтік қорының қолдауымен ерекше қажеттілігі бар спортшыларға арналған спорт клубына бочча доптарының екі жиынтығы және бочча ойнауға арналған арнайы рампа сыйға тартылды. Сондай-ақ Павлодар облысы AMANAT партиясы депутаттары фракциясының атынан №2 жалпы білім беретін мектепке бочча доптарының жиынтығын сатып алу үшін 300 мың теңге көлемінде сертификат табыс етілді.

Айта кетейік, бочча – доппен ойнайтын спорттық ойын. Оған тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар қатысады. Аталған сайыс түрі 1984 жылы Паралимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілген. Қазақстанда алғаш рет 2018 жылы негізі қаланып, қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда бұл спорт мүгедектігі бар азаматтардың, әсіресе, балалар мен жастардың арасында үлкен қызығушылыққа ие.