Жасыбайда таңғы уақытта жолда жалғыз жүрген баланы полицейлер тауып алды

Жасыбайда таңғы уақытта жолда жалғыз жүрген баланы полицейлер тауып алды
Фото: ДП

Бала шамамен жеті шақырым жерді жаяу жүріп өткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Баянауыл ауданында тәртіп сақшылары 9 жасар баланы аман алып қалды. Таңғы сағат 5 шамасында патрульдеу кезінде патрульдік полиция қызметкерлері Қанат Еркеболат пен Нұрбек Қайкенов таулы аймақтағы ирелең жолда ересектерсіз жалғыз кетіп бара жатқан баланы байқайды.

Полицейлер тоқтап, оның аты-жөнін және қайда бара жатқанын сұраған. Алайда бала нақты ештеңе түсіндіре алмаған. Оны қызметтік автокөлікке отырғызып, жол бойында туыстарының демалып жатқан орнын немесе үйін көрсетіп қалар деген үмітпен полиция бекетіне қарай жүрген.

– Белгілі болғандай, бала жаз мезгілінде ата-анасымен бірге Жасыбай көлінде тұрады. Таңғы сағат төрттер шамасында әкесі жұмысқа кеткен. Ұйқыдан тұрған бала әкесінің соңынан бармақ болып, жолға шыққан. Сол уақытта анасы ұйықтап жатқан. Қауіптің бар екенін түсінбеген бала шамамен жеті шақырым жерді жаяу жүріп өтіп, тас жолда жалғыз қалған. Біз оны байқаған сәттен бастап ата-анасын іздеуге кірістік. Абырой болғанда, оқиға сәтті аяқталды. Бала аман-есен, өміріне ешқандай қауіп төнген жоқ. Ана мен балаға өз бетінше кетудің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Рабиға Жүнісова.

Бала анасына табысталды. Анасы полиция қызметкерлеріне қырағылығы, кәсібилігі және дер кезінде көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

Тәртіп сақшылары азаматтарға балаларды курорттық аймақтарда және демалыс орындарында қараусыз қалдырмауды ескертеді. Егер балаңыз көзіңізден таса болса, уақыт жоғалтпай «102» арнасына хабарласыңыз. Іздеу жұмыстарының сәтті аяқталуы үшін әрбір минут маңызды.