Жеке бастамадан қоғамдық игілікке: Павлодарлықтар өз кітапханасын қалай құрды?

Жеке бастамадан қоғамдық игілікке: Павлодарлықтар өз кітапханасын қалай құрды?
Фото: Константин Шелков және ПавГео

Бұл орындар қарым-қатынас пен шығармашылық даму кеңістігіне айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде қоғамдық кітапхана құруда мысалдар бар. Солардың бірі – Павлодар география үйінің қоғамдық кітапханасы.

Кезінде павлодарлық Александр Вервекиннің жеке пәтерінде сақталған жеке әдебиет қоры бүгінде мыңдаған кітапты қамтитын қоғамдық игілікке айналды. Қазіргі уақытта кітапхана ғылым мен саяхатқа қызығатын павлодарлықтарды шабыттандыруда. 

12 жыл бойы қоғамдық бірлестік директоры география мен саяхат тақырыбындағы кітаптарды жинаумен айналысқан. Сол сәтте бар-жоғы 900 дана кітап болыпты. Сонымен қатар, ол 188 ел бойынша қиынды материалдардан тұратын 200 папкадан құралған мұрағат жасады. Мағлұматтар құрлықтар, мұхиттар мен ғылыми тұлғалар туралы деректерге арналған.

– География үйі ашылғаннан кейін павлодарлықтар кітаптарды бірігіп жинай бастады. Тақырыптары әртүрлі: мұхиттану мен топырақтанудан бастап Сомали халқының мәдениетіне дейін. Қазір қорда тоғыз мыңға жуық кітап бар. Олар 23 сөреге топтастырылған. Саяхатшылар, география үйінің мүшелері алыс сапарлардан кітаптар әкелуді жалғастырып келеді, – дейді Александр.

Қорда қазақ, орыс, француз, неміс және ағылшын тілдеріндегі әдебиеттер жеткілікті. Картография, география, климатология, мұхит географиясы, жол жазбалары мен балалар әдебиеті ұсынылған. География ғылымына қатысты басылымдар тақырыптар бойынша топтастырылған.

Кітаптар түрлі жолмен түседі. Мәселен, сатып алу және сыйға тарту ретінде. Кітапхананың дамуына жобалар да үлкен үлес қосуда. Жеті жыл бұрын ПавГео Ұлттық географиялық қоғаммен бірлесіп, «Қоғамдық географиялық кітапхана» жобасын жүзеге асырды. 800 мың теңге көлеміндегі грант аясында кітаптар мен сөрелер сатып алынды. Олар тек стандартты емес, шыныланған және көрмелік түрлері де бар.

– Грант есебінен нақты бөлімдер бойынша, нақтырақ айтқанда, қорда кездесе қоймайтын тақырыптарға арналған шамамен 150 кітапқа тапсырыс бердік. Бүгінде әдеби құралдарды балалар, ересектер, ғалымдар, болашақ бакалаврлар, магистранттар мен докторанттар пайдаланады. Жуырда Торайғыров университетінің география және туризм кафедрасының қызметкерлері қорымыздағы кітаптарды пайдаланды. Олар этногеография бойынша зерттеу жүргізіп, Эфиопия этностары туралы зерттеу еңбектерін жазу үстінде. Жазғы демалыста балалар үнемі оқиды, сұраныс жоғары, – дейді Александр. 

Қоғамдық кітапхана кітап беру және алумен шектелмейді. Бұл – электронды каталог пен қор есебі. Мұнда цифрландыру жобасын қолға алған ынталы азаматтар да бар. «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алған Даниил Вервекин PavGeo System атты ақпараттық-анықтамалық жүйені жасап шықты. Бұл жай ғана сәйкестік емес, оның бакалавриаттағы дипломдық жұмысының тақырыбына айналды.

– ПавГео – маған жақын ұйым. Мен бос уақытымда оған көп көңіл бөлдім. Көп нәрсені фото мен видеоға түсірдім. Сондықтан, кітапханаға электронды құрылымдалған каталог, экспонаттар базасын жасауға деген ниетім мен мүмкіндіктерім сәйкес келді. Дипломдық жұмыс тақырыбын таңдауға көп уақыт кеткен жоқ. Толық әзірлеу шамамен жарты жылға созылды. Нәтижесінде қор туралы деректерді енгізуге ыңғайлы интерфейсі бар жүйе жасалды. Қажет болған жағдайда бүкіл дерекқорды MS Access файлына экспорттауға болады, – дейді Даниил.

Бүгінде қоғамдық кітапхана осы платформада жұмыс істеп келеді. Картотека мен электронды дерекқор қоғамдық бірлестік мүшелерінің ұсыныстары ескеріле отырып жасалды.

Кітапханада сирек кітаптар жинағы да бар. 1960 жылға дейін шыққан басылымдар сирек саналады. XIX және XX ғасырда басылған кітаптар сақталып, ерекше күтіммен қорғалады. Ескі басылымдар жарық пен ылғалдан қорғалған жеке сөреге орналастырылған.

Кітапханашылар қоғамдық кітапханалар оқу мәдениетіне, әсіресе өлкетану мен география ғылымын зерттеуге әсер ететінін мойындайды.

Кітапхана ісі бойынша сарапшы, С. Торайғыров атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова «қоғамдық кітапхана» ұғымы мәдениет туралы заңнамада жоқ екенін айтады. Десе де, толыққанды мекеме ретінде жұмыс істейтін ұйымға айналып үлгерді.

– Қоғамдық кітапхана құру үшін ең алдымен ынта мен қаражат қажет. Мысалы, облыстың басты кітапханасының тарихын еске түсірейік. Ол бастапқыда қоғамдық мәртебеде болған. 1896 жылы Павлодардың бірінші гильдиялы көпесі, меценат, құрметті азаматы Артемий Дёров өз қаражатына кітапхана құрды. Алдымен кішігірім оқу залы ретінде ашылған. Кейін қоғамдық кітапханаға айналып, бүгінге дейін өмір сүріп келеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік мәртебедегі рухани азық ордасы өңірдің 30 мыңнан астам оқырманына қызмет етеді, – дейді Шолпан Шахметова.

Сарапшы ПавГео кітапханасы бірнеше жыл ішінде өз оқырмандарын тапқанын және қорын үздіксіз толықтырып келе жатқанын атап өтті.

– Біз ынталы жандар мен кітапқұмарларды қолдауға тырысамыз. Тәжірибемен бөлісеміз, бірақ қорды толықтыруға әсер ете алмаймыз. Әрине, көмектескіміз келеді, – дейді Шолпан Шахметова.

Облыста ПавГео секілді мәртебеге ие кітап қоймасынан бөлек, Анастасия Цветаева музейі жанындағы кітапхана, байланыс музейінде байланыс тарихына арналған тақырыптық кітапхана бар. Қоғамдық кітапханалар өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындар жанында да кездеседі.

ПавГео кітапханасының тарихы – жеке бастама мен білімге деген сүйіспеншіліктің қоғамдық кеңістікке айналғанының жарқын үлгісі. Мұнда кітаптар адамдарды біріктіріп, ортақ мақсат жолында тоғыстырады.