Павлодарлықтардың немқұрайлылығы алапат өртке әкелуі мүмкін

Павлодарлықтардың немқұрайлылығы алапат өртке әкелуі мүмкін
Фото: ТЖД баспасөз қызметінен

Жыл басынан бері абайсызда тұтанған жалын саны 30-дан асқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, көп жағдайда өрттің шығуына тұрғындардың немқұрайлылығы себеп болады. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеу, пештің үстінде қараусыз қалған тағам немесе толық сөндірілмеген темекі тұқылы - көпқабатты үйлерде және қоқыс контейнерлеріндегі оттың тұтануына әкеледі.

Мәселен, жыл басынан бері қоқыс контейнерлерінде 35 өрт тіркелді. Тек соңғы тәуліктің өзінде осындай екі оқиға орын алған.

– Бірніш оқиғада өрт сөндірушілер Павлодар қаласында Ак.Сәтбаев көшесінде 5 шаршы метр аумақта орналасқан металл қоқыс контейнеріндегі жалынды ауыздықтаса, екіншісінде Екібастұз қаласында мамандар ашық аумақтағы 0,5 шаршы метр жердегі қоқыстың жануын жедел түрде өшірді. Екі жағдай да отты абайсыз қолданудың салдарынан болған, - делінген хабарламада.

Жалпы, жыл басынан бері «101» және «112» жедел қызмет нөмірлеріне 61 000-нан астам хабарлама түскен.

Павлодар облысының ТЖД тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін мұқият сақтауды қатаң ескертеді.