Железин ауданында жаңа жағажай ашылды

Железин ауданында жаңа жағажай ашылды
Фото: Константин Шелков

Демалыс орны қауіпсіздік талаптарына сай толық жабдықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Железин ауданында тұрғындар үшін жаңа жағажай пайдалануға берілді. Бұған дейін Бабин көшесі жағындағы ескі жағажай құтқарушылардың тексеруінен кейін жабылған. Мамандар бұл аумақта өзен ағысының қаттылығы, түбінің лайлы болуы және шұңқырлардың көптігі салдарынан шомылу қауіпті деген қорытынды шығарды. Осыған байланысты аудан орталығындағы жаңа демалыс орны Әлсейітов көшесі жағынан ұйымдастырылды.

Жағажайды абаттандыруға бюджеттен екі миллион теңге бөлінді. Оның жартысы облыс орталығынан таза өзен құмын жеткізуге жұмсалса, қалған қаражатқа мердігерлер күннен қорғайтын шатырлар, орындықтар, жатын орындықтар және киім ауыстыратын кабиналар орнатқан.

Қазіргі уақытта Павлодар облысында ресми түрде 45 жағажай бар. Оның 29-ы - коммуналдық, 16-сы - жекеменшік. Алайда түрлі себептерге байланысты олардың 11-і әзірге жұмыс істемейді.

Сонымен қатар, облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 244 орын анықталған. Бұл аумақтардың барлығына ескерту белгілері мен QR-кодтар орнатылған. Смартфон арқылы кодты сканерлеген тұрғындар су айдынының тереңдігі, қауіптілік деңгейі және осы аумақта бұрын тіркелген оқиғалар туралы ақпарат ала алады. Бұдан бөлек, шомылуға тыйым салынған орындар кезең-кезеңімен 2GIS электронды картасына енгізіліп жатыр.