Железин ауданының оқушысына меценат грант ұсынды
Telegram негізін қалаушы Павел Дуров жас өреннің мамандандырылған мектепте оқуына демеуші болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Меценат дарынды балаларға арналған мектеп-пансионатта Қазақстанның ауылдық жерлерінен келген 12 оқушының оқу ақысын төлеуге шешім қабылдады. Бұл туралы мектептің негізін қалаушы Айдын Рахымбаев өз аккаунтында хабарлады.
Қазақстанға келген кезде Павел Дуров аталған мектепке барып, оқыту мен тұрудың қалай ұйымдастырылғаны жайлы білген. Шалғайдағы ауылдардың балалары қандай жетістіктерге жетіп жатқандығына, олардың алға қойған мақсаттарына тәнті болған.
Бұл мектепке грантқа түсу үшін белгілі бір сынақтардан өту керек. Кәсіпкер Қазақстанның 12 ауылдық жоғары сынып оқушысына көмектесуге шешім қабылдаған. Павел Дуровтың грант иегерлерінің бірі – Михайловка ауылының оқушысы Игорь Терманов. Оған сертификатты Железин ауданы IQanat мектебінің түлектері Карина Әміренова мен Саяжан Усина табыс етті.