Қазақстанның бес университеті жаһандық рейтингке енді

Бұл ел тарихында алғаш рет болып тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, еліміз жоғары білім беру саласында тарихи жетістікке жетіп, алғаш рет әлемдік үздік 500 университеттің қатарына енді және жаһандық рейтингте аймақтық көшбасшы атанды.
Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде бірден бес отандық жоғары оқу орны жаһандық тізімге еніп, бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Ең басты жетістік – Назарбаев Университетінің (Nazarbayev University) 401-500 диапазонына кіруі. Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтер тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
2025 жылғы нәтижелер бойынша Қазақстан Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында рейтингке ең көп оқу орны енген мемлекетке айналды. Биыл тізімге бес қазақстандық университет кірді. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1201-1500 диапазоны), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Қазақ аграрлық зерттеу университеті бар. Осылайша, ел жоғары оқу орындарының саны бойынша ғана емес, сапасы бойынша да өз позициясын күшейтті.
Times Higher Education сарапшыларының айтуынша, 2026 жылы Орталық Азия мен Кавказ аймағынан рекордтық көрсеткіш – бес елдің 17 университеті рейтингке енді. Сарапшылар бұл аймақтың әлемдік академиялық кеңістікте «жаңа тартылыс орталығына» айналып келе жатқанын атап өтеді. Мәселен, 2020 жылы рейтингте өңірдің үш университеті ғана болған еді.
World University Rankings – зерттеу университеттерінің ең ірі және теңгерімді халықаралық рейтингі болып саналады. Бағалау әдістемесі бес бағыт бойынша топтастырылған 18 көрсеткішке негізделген:
- оқыту (Teaching): білім беру сапасы мен академиялық бедел;
- зерттеу ортасы (Research Environment): табыс, өнімділік және зерттеу беделі;
- зерттеу сапасы (Research Quality): дәйексөз келтірілуі, зерттеу күші мен ықпалы;
- халықаралық бағдар (International Outlook): шетелдік студенттер, қызметкерлер және жарияланымдар үлесі;
- индустриямен байланыс (Industry): өнеркәсіппен өзара әрекет және патенттік белсенділік.
Бағалау барысында 19 миллион ғылыми жарияланым, 1,5 миллион сарапшының пікірі және 3 мыңнан астам университеттің институционалдық деректері ескерілді.