110 жыл: Атамекен кентінің мерейтойы ұйымдастырылды
Мерейтой қарсаңында 10-нан астам киіз үй тігілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының маңында орналасқан Атамекен кентінің 110 жылдық мерейтойы қарсаңында мерекелік концерт, балаларға арналған бағдарлама, қолөнершілер көрмесі және спорттық шаралар өтті.
– Бүгін 12 киіз үй тігіліп, ауылдың тұрғындарымен бірлесіп аталмыш мерекені ұйымдастырып жатырмыз. Сонымен қатар, ауылымыздың кәсіпкерлері де бас көтеріп, көмек көрсетіп, демеушілік етуде. Мерекелік бағдарламамыз көрермендер мен тұрғындардың көңілінен шығады деген ойдамыз, – дейді Атамекен кентінің әкімі Мунира Дүйсембекова.
Мерекелік бағдарлама Иса Байзақов атындағы облыстық филармония мен Жаяу Мұса мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдарының концертімен ашылды. Сондай-ақ, облыстың қолөнершілері жасаған бұйымдар көрмеге қойылды.
– Бүгінгі мерейтойға өз қолыммен жасаған бұйымдарымды алып келдім. Мәселен, тақиялар, гипстан жасалған бұйымдар, қыздарға арналған шопперлер, ұлттық әшекей бұйымдар, – дейді қолөнерші Дина Ержанова.
Дина Ержанованың бұл өнермен айналысып жүргеніне 5 жылдың жүзі болған. Бүгінгі таңда ол қаладағы №41 мектепте еңбек пәнінің мұғалімі қызметін атқарады. Алдағы уақытта өзінің брендін ашып, дамытқысы келеді.
Ауыл тұрғыны, ҚР білім беру ісінің үздігі, зейнеткер Ырысты Мусинова мерекелік бағдарламаны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
– Мен осы ауылда 35 жылдан аса уақыт тұрып келемін. Ауылға келгеннен бері күннен күнге көркейіп келе жатқанына куәмін. Бұл халықтың мерекесі болғандықтан біз де қуаныштымыз. Ауылымыз гүлдене берсін, дами берсін, – дейді Ырысты Мусинова.
Сонымен қатар, шара барысында «Қазақша күрес», «Арқан тартыс», «Қошқар көтеру», «Асық ату», «Қол күресі», «Гір тасын көтеру». «Ләңгі тебу» ұлттық спорттар бойынша жарыстар ұйымдастырылды.