Аққулы ауданында «Біздің қауіпсіз мектеп» байқауына өтінім қабылдау басталды
Қатысуға аудан мектептерінің «Жас сақшы» отрядтары шақырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық білім бөлімі мектеп оқушылары арасында «Біздің қауіпсіз мектеп» атты үгіт-насихат бригадасының конкурсын жариялады.
– Байқаудың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасында есірткі құралдарын қолдануға және таратуға теріс көзқарас қалыптастыру, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың, сондай-ақ буллингтің алдын алу, салауатты және қауіпсіз өмір салты дағдыларын дамыту және өз денсаулығына құндылықпен қарауға тәрбиелеу, – деді білім бөлімінің баспасөз қызметі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурс құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жас полиция көмекшілерінің жұмысын жандандыруға, аудан мектептеріндегі «Жас сақшы» отрядтарының белсенділігін арттыруға, балалардың әлеуетін дамыту мен құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу саласындағы шығармашылық бастамаларын қолдауға, сондай-ақ оқушылардың белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстануға деген ынтасын арттыруға бағытталған.
– Байқауға аудан мектептерінің «Жас сақшы» отрядтары қатыса алады. Әр отряд құрамында 7–10 оқушы болуы тиіс. Қатысушылар өздерінің командасын таныстырып, киім үлгісін, ұранын, эмблемасын, хаттамалары бар жұмыс жоспарын және өз қызметінде пайдалануға арналған буклет-жадынамаларды ұсынады. Конкурс «Біздің қауіпсіз мектеп» тақырыбында өтеді және отрядтардың үгіт-насихаттық қызметінің презентациясымен сүйемелденеді. Байқауға 5–11-сынып оқушылары қатыса алады, – делінген хабарламада.
Өтінімдер 27 қарашаға дейін қабылданады.