Абай облысында 2000-ға жуық адам тілсіз жаумен күресуде
Өртті ауыздықтауға 350-ден астам техника жұмылдырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өртті сөндіруге ТЖМ, Экология және табиғи ресурстар министрлігінен, ЖАО және Қорғаныс министрлігінен 1800-ге жуық адам жұмылдырылды.
Өткен тәулікте барлығы 535 рет көлемі 1 600-ға жуық тоннадан астам су ағызылды. Өрт басталғалы бері барлығы 1450 рет көлемі 4 000 тоннадан астам су ағызылды.
Сонымен қатар, өртті сөндіру барысында қайтыс болған қызметкерлерге «Құрмет» ордені табысталды. Мемлекеттік наградаларды қайтыс болған қызметкерлердің туыстарына Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова табыстады.
Айта кету керек, Абай облысының эвакуацияланған ауылдарының тұрғындары көмек пен қолдау деңгейі үшін алғыс білдіреді.
Еске сала кетейік, павлодарлықтар күні кеше Абай облысының тұрғындарына көмек ретінде азық-түлік жіберген болатын. Көмекке жіберілген заттарға 15 миллионға жуық қаражат жұмсалған.