Асайын Байханов павлодарлықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

Асайын Байханов павлодарлықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс әкімі айтулы күннің мән-мағынасын еске салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аймақ басшысы өзінің Instagram парақшасында Павлодар облысының тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, тілек сөздерін білдірді.

–        Барша қазақстандықтар асыға күтетін және ерекше атап өтетін айтулы мерекесі, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн барлық этностар мен халықтарды біріктіреді. Ұлыстың ұлы күнінде ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен қонақжайлылық салты дәріптеледі. Сондай-ақ, тереңнен тамыр тартатын құндылықтарымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрлері ерекше салтанат құрады, – деді Асайын Байханов.

Наурыз - рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен тарихымыздың жарқын символы мен бастауы. Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданатын тағылымы мол бұл мереке – жаңару мен жаңғырудың арқауы.

–  Биыл Наурыз қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Халқымызда бұл күндері игі тілектері міндетті түрде орындалады деген наным бар. Төрімізге өрлеген Наурыз әрбіріміздің өмірімізге жарқын нұрын шашып, гүлдену мен өркендеудің, жаңғыру мен жаңарудың бастауы бола берсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деп жазды облыс әкімі.

Асайын Байханов тұрғындарға мықты денсаулық, амандық, табыс пен жақсылық тіледі.