Баянауылда ауыл мектептерінде жасанды интеллекті енгізу тетіктері сөз етілді

Баянауылда ауыл мектептерінде жасанды интеллекті енгізу тетіктері сөз етілді
Фото: pexels.com/Tara Winstead

Өңірлік көшбасшылардың V модулі басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жобаға қатысушылар AI-ды оқыту, бағалау және ауыл мектептерін қолдау тетіктеріне тәжірибе жүзінде қолданылды.

Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебі әзірлеген «Білім берудегі өңірлік көшбасшылық: инновациялар және жасанды интеллект іс жүзінде» атты кәсіби даму бағдарламасының бесінші модулі облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен іске асырылып жатыр.

Негізгі мақсат – қатысушылардың білім беру ортасын жобалай білуін, AI құралдарын сабақ пен бағалау үдерісінде қолдануын және жеке сектор және мектеп серіктестігін кеңейтуді тереңдету.

Кері байланыс нәтижесімен бағдарлама екі траекторияға бөлінді: бірі тәжірибелік семинарлар, екіншісі Баянауыл өңіріндегі ауыл мектептеріне іссапар. Мұса Шорманов ауылындағы академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша кешені мен Мәшһүр Жүсіп Көпеев мектебі үлгі ретінде қарастырылды. Оқушылар өз AI жобаларын таныстырып, ауыл мектебінің заманауи инфрақұрылымы жоғары баға алды.

— Бұл ауыл мектебі – ауылдық жерде де заманауи, тұрақты әрі мотивациялық білім ортасын қалыптастыруға болатынын дәлелдейтін жарқын мысал. Павлодар облысы тарих пен келешекті, дәстүр мен жаңашылдықты тамаша ұштастыра білді, – деді Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің біліктілікті арттыру бағдарламалары жөніндегі директоры Жаңыл Жонтаева.

AI негізделген педагогика мен өңірлік ынтымақтастықты қамтыған V модуль  Павлодар педагогикалық университеті мен Ақпараттық технологиялар колледжінде жалғасады. Бағдарлама аяқталған соң, қатысушылар ауыл-қала алшақтығын азайтатын, жасанды интеллектті тиімді қолданатын білім жобаларын өз өңірлерінде іске асыруды жоспарлап отыр.