Дефиле мен айтыс: Павлодар облысында Республика күнінде қандай іс-шаралар өтеді?

Дефиле мен айтыс: Павлодар облысында Республика күнінде қандай іс-шаралар өтеді?
Фото: Константин Шелков

25 қазанда барлық көрмелерге кіру тегін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мәлім етті. 

– 23 қазаннан музейлер мен кітапханаларда тақырыптық фотоқұжаттық және кітап көрмелер өз жұмысын бастайды. Облыстық театрларда 18 – 22 қазан күндері жарияланған афишаға сәйкес қойылымдар көрсетіледі,– деді Медет Тауасқан.

Ал Республика күнінде барлық мұражайларға сағат таңғы 10:00-ден кешкі 18:30-ға дейін бару тегін болады. 

– 24 қазанда Естай атындағы Мәдениет сарайында салтанатты жиынның өткізілуі күтілуде. Концерттік бағдарламаның арнайы шақырылған қонақтары «МузАрт» тобы, Дариға Мусаева және Әділ Ахметов өнер көрсетеді,–деді Медет Тауасқан.–Концерт алдында сағат 14:00-15:00-ге дейін ұлттық киімдер дефилесі өтеді

Республика күніне арналған салтанатты шараның концерттік бөлімінде С. Торайғыровтың «Жүрек тулап шабасың», Е. Беркімбайұлының «Құсни-Қорлан», М. Әлімбаевтің «Ақмаңдайлым» және «Маралдым» әндері орындалады.

– Биылғы жыл айтулы даталарға толы болды. Қазақ әдебиетінің алыбы, ақын, ағартушы жерлесіміз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 130 жыл, Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі, ақын Естай Беркімбайұлының туғанына 155 жыл және  балалар әдебиетінің қара нары, аса көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтің туғанына 100 жыл толып отыр,– деп атап өтті спикер. 

Облыстық мемлекеттік архивте «Қазақстан туған жерім, туған елім» атты фотоқұжаттық көрмесі ашылып, экскурсия жүргізіледі . Ал облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханада «Айбыны биік туған жер» атты іс-шарасы  өтеді. Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейі Республика күніне арналған көркем шығармалар байқауын өткізу жоспарланған.

Естай қалалық мәдениет сарайының фойесінде Г.Потанин облыстық тарихи-өлкетану музейі еліміздің өркендеуіне арналған «Менің елім –мақтанышым» атты, Н. Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейі «Қасиетті жерлерге саяхат» атты көрмелерін рәсімдейді. 

Сондай-ақ, 21 қазан күні Успен ауданында  «Ұлы елдің ұрпағымыз» атты ашық аудандық айтысы ұйымдастырылады. Аламан додаға өңірлердің Еркебұлан Қайназаров, Нұртөлеу Төленбек, Қабдолла Бейсхан, Нария Ақбаба сынды ақындардың қатысуы жоспарлануда.