Екібастұзда күйік шалған 10 жасар баланың ісін полицейлер тергеуде

Екібастұзда күйік шалған 10 жасар баланың ісін полицейлер тергеуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жеке кәсіпкерлікке қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

8 желтоқсан күні М. Жүсіп көшесі, 109 мекенжайында ер бала доппен ойнап жүріп, «Марунич» ЖК тиесілі жылу желісіне аяғын күйдіріп алған болатын.

– Абайсызда адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.

Еске сала кетейік, оқиға туралы әлеуметтік желіде жарияланған болатын. Ұл бала далада ойнаған кезде доп су атқылап, жарылған құбырдың астына кіріп кеткен. Сол күні сағат 11:13-те диспетчерлік қызметіне жүгінгеннен кейін мамандар оқиға орнына ақауды анықтау үшін шығып, жылу желісінің иесін анықтады. Жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында кәсіпорын қызметкерлері зақымдануды өз күштерімен жойды. Бүгінгі таңда баланың жағдайы күйіктен шок алуы салдарынан ауыр деп бағаланады. Жансақтау бөліміне ауыстырылды. Сол жерде үш күн бойы қарқынды ем алады.