Елімізде қанша эникалық қазақ «Ата жолы» картасын алды?

2023 жылдың шілдесінен бастап шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін елге жеңіл кіру немесе шығу мәселесі пысықталған «Ата жолы» картасы енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Этникалық қазақтарға – басқа елдердің азаматтарына Қазақстанда 10 жыл өмір сүруге және жұмыс істеуге құқық беретін 65 «Ата жолы» картасы берілді. Елімізде өз ісін дамытуға дайын бизнес-иммигранттар 27 карта алды, ал сұранысқа ие мамандар осындай 38 картаның иегері атанды.
– «Қазақтар қай жерде өмір сүрсе де, олардың жалғыз Отаны – Қазақстан. Сондықтан біз үшін шетелде тұратын отандастарымызды қолдау әрқашан маңызды», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, «Ата жолы» картасын алушылар ішінде инженер-физик, инженер-математик, химиялық технологтар, жақ-бет хирургиясының дәрігерлері, педиатрлар және т.б. мамандар бар, олар Ресей, Германия, Моңғолия, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Франция, Нидерланды, Финляндия, Қырғызстан және Өзбекстан секілді шет елдерден келді.
«Ата жолы» картасын енгізудің мақсаты – тарихи отанымен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін елге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту. Бұл карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға өз шығу елдерінің азаматтығын сақтай отырып беріледі.
«Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады және еңбек қызметін жүзеге асыру немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін дербес таңдайды.
«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақ басқа елдің азаматы бола отырып, Қазақстан азаматтарымен және қандастармен тең құқықтарға ие.
«Ата жолы» картасының иегерлері қандай құқықтарға ие болатынын мына сілтемеден қарауға болады
Егер «Ата жолы» картасының иесі Қазақстан азаматтығын алатын болса, онда карта жарамсыз деп танылады.