«Ертістің» бұрынғы бапкері қайда кетті?
Қайта жаңғырған павлодарлық футбол клубы болса, әзірге бас бапкерсіз қалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертістің» бұрынғы бас бапкері Николай Гавриш ресми түрде талдықорғандық «Жетісу» командасы бас бапкерінің көмекшісі болып тағайындалды. Бұл туралы жаңалық талдықорғандықтардың Instagram парақшасында жарияланды. Өз кезегінде команданы басқару аты аңызға айналған Самат Смақовқа сеніп тапсырылды.
Николай Гавриш 23 маусымда команданың бұрынғы жаттықтырушысы Сергей Якушин командадан кету туралы шешім қабылдағаннан кейін «Ертістің» бас бапкері болып тағайындалды. Бұл Екінші лиганың тоғызыншы турында «Елімай Ж»-дан күтпеген жеңілістен кейін болды.
Жаңа бапкердің басшылығымен «Ертіс» 13 матч жеңіліссіз ойнады. Осы уақыт ішінде «ақ-көктер» Павлодарда «Шахтер Ж» командасына қарсы матчта тең ойнап, бір-ақ рет ұпай жоғалтты. Нәтижесінде команда Екінші лиганың Солтүстік-Шығыс конференциясында бірінші орын алып, Бірінші лигаға жолдама алды. Желтоқсанда «Ертіс» Николай Гавришпен қоштасты.
Арнайы баспасөз мәслихатында «Ертістің» жаңа директоры Сейітбек Сембаев басшылық бас бапкер лауазымына үміткерлермен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Бес дүркін ел чемпионының жаңа жаттықтырушысының есімі жақын арада белгілі болады.