Мойылдыда ашылған спорт кешенінде үш жүзге жуық спортшы жаттығады

Мойылдыда ашылған спорт кешенінде үш жүзге жуық спортшы жаттығады

Ауыл қарттары да кешенге келіп, бос уақыттарын өткізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылындағы жаңадан ашылған «Тұлпар» спорт кешенінде ұлттық спорт түрлері дамуда. Мұнда Жекпе-жек, қазақ күресіне ден қойылуда. 

Ашылғанына үш айға жуық қана уақыт өтсе де облыстық, қалалық деңгейдегі және ауылішілік оннан астам жарыс өткізілді. Оның ішінде Жекпе-жек ұлттық спорт түрінен, панкратионнан облыстық, қазақ күресі мен волейболдан қалалық дода, сондай-ақ, қалалық деңгейде спартакиада бар. 

«Тұлпар»  спорт кешенінің басшысы Нұрлан Әбетжановтың айтуынша, кешен облыс, қала төңірегінде ұлттық спорт түрлеріне ерекше мән беретін спорт мекемелерінің қатарына жатады. 

- Кешенде Жекпе-жек, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерін дамытудамыз. Бұдан бөлек, волейбол, баскетбол, футбол, шахмат үйірмелері де жұмыс істейді. Жалпы, спорттың 8 түрінен 300-дей қатысушы бар,  — дейді Нұрлан Ермекұлы. 

Мойылдылық спортшылардың жетістіктері де жоқ емес. Облыстық, қалалық деңгейдегі спорт додаларында топ жарып келеді. 

— Мұнда кәсіби спорт түрлерінен бөлек ауыл тұрғындарының да спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Мысалы, ауыл жастары кеш батқанға дейін волейбол, футбол ойнап жатады. Үлкен-кішілі ауылдастарымыз да спорт кешеніне үйір. Үлкендер жағы шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды. Орта жастағылар, әйелдер қауымы жаттығу жасау үшін келеді. Ең бастысы, мекеме қызметі тегін, әрқашан да есігі ашық, — дейді Мойылды ауылының тұрғыны Тұрлыбек Амантай.

Айта кетейік, өткен демалыс күндері Мойылды ауылының «Тұлпар»  дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылған болатын. Мұнда әр демалыс сайын тұрақты түрде түрлі деңгейдегі спорт додаларын ұйымдастыру дәстүрге айналған.

Оразбек Саяхат